Мұражай тарихы

Мұражай - өлке тарихының өзегі

 

 Мұражай тарихы өз беттерін 1972жылдың 4 ақпанындағы Қазақ ССР Министрлер

 

Кеңесінің №88 жарлығымен құрылып,  1973 жылы 28 шілдеде алғашқы экспозициясының ашылуынан бастайды. Мұражайдың ашылуына орай салтанатты жиынға Республика басшысы Д.А.Қонаевтың  қатысуы көп нәрсені аңғартқандай.

 

Сол уақыттағы облыс басшылары Сақан Құсайынов, Юрий  Трофимов, Айдархан Сәрсеновтердің қолдауымен және қазақ  халқының ұлтжанды біртуар азаматы, этнограф Өзбекәлі Жәнібековтің ыстық ықыласымен, бар ынта-жігерімен кіріскен тынымсыз еңбегінің арқасында келер ұрпаққа кешегі күннен сыр шертер тарихи- археологиялық мәдени асыл қазына үйі өз шаңырағын тіктеді.               

                       

Өзекең ( Өзбекәлі Жәнібеков)  сол кездері Торғай облыстық партия комитетінің идеология жөніндегі хатшысы қызметін атқарған. Өз қызметін адал да абыройлы атқарған абзал азаматтың есімін бүгінде Торғай халқы зор мақтанышпен айтады. Осы өңірдің мәдени тірлігін көтеріп, өнерді түлетуге өлшеусіз еңбек етті.Ұлтын сүйген, ұлттық құндылықтарды жоғары бағалаған Өзекең өнерлі азаматтардан өз  көмегін аяған емес. Облыстық тарихи - өлкетану мұражайын қалыптастыруда істің бел ортасында болған Өзекеңнің мұражай экспонаттарын жинау барысындағы қарапайым да қызықты еңбегі өзгелерге үлгі болардай.

 

Қырық жылға тарта халыққа қызмет етіп келе жатқан облыстық Дала өлкесі тарихы мұражайында 75 мыңнан астам     жәдігер сақталып,   11 экспозициялық залы жасақталған. Тарихи маңызы бар мәдениет ошағының уақыт көшіне ілесіп тың деректермен, құнды дүниелермен толыққан.

 

Қойнауы сырға толы киелі өлкенің талай-талай ғажайыптары мұражайды аралай бастағаннан-ақ сусыныңды қандырып, терең тылсымына жетелейді.

 

Тарих қатпарынан сыр шертетін көне жәдігерлерді тек өңір тұрғындары ғана емес, шетелден келген азаматтар, белгілі қоғам, мәдениет қайраткерлері және ғарышкерлер ерекше  әсермен қызықтаған. Т.Әубәкіров, Т.Мұсабаев, С.Мәуленов, Ғ.Қайырбеков, С.Досанов, Б. Төлегенова, Л.Кесоглу, Ә.Дербісәлі, И.Тасмағамбетовтар қолтаңбаларын қалдырып, ізгі ниеттерін білдірген.